Қазақстан Пәкістанмен ынтымақтастықты нығайтып жатыр

2025 жылғы 30 мамырда Астана қаласында KTZ Express пен Пәкістанның ірі логистикалық компанияларының бірі — TCS Logistics арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.
Бұл келісім Қазақстан мен Пәкістан арасындағы жүк тасымалдарын дамытуға, мультимодальды бағыттарды кеңейтуге және Орталық пен Оңтүстік Азияны байланыстыратын тұрақты логистикалық тізбекті құруға бағытталған.
KTZ Express Трансауған дәлізі бойынша сенімді және тиімді көлік тізбегін құруға ұмтылады, бұл жүктерді жеткізу уақытын қысқартып, қазақстандық компаниялар үшін өткізу нарығын кеңейтуге мүмкіндік береді.
Біздің мақсатымыз — бизнеске тұрақты әрі тиімді жағдай жасау, елдің экспорттық әлеуетін қолдау және өңірлік ынтымақтастықты дамытуға өз үлесімізді қосу.