Мәскеуден Қытай провинцияларына Қазақстан арқылы алғашқы контейнерлік пойыз жіберілді
Ағымдағы жылдың мамыр айында Қазақстан арқылы транзитпен Мәскеуден (Купавна стансасынан) Қытай провинцияларына мұнай-химиялық жүктері бар жалпы саны 62 40-футтық контейнерлерден тұратын жаңа контейнерлік пойыздың іске қосылуы ұйымдастырылды. Іргелі пойыздың Қазақстан аумағы арқылы жөнелтілімін «KTZ Exress» АҚ жүзеге асырды.
Контейнерлік пойыз Қазақстанға Ресейдің Озинки / Семиглавый Мар шекара бекеттері арқылы кіріп, кейін Достық / Алашанькоу шекара бекеттері арқылы Қытайдың Чунцин және Циндао қалаларына бет алды.
Пойыз Қазақстан Республикасының аумағын үш күнде жүріп өтті.
Жаңа контейнерлік пойыздың іске қосылуы транзиттік-контейнерлік әлеуетті дамытуға бағытталған және Ресей, Қазақстан мен Қытай теміржол әкімшіліктері арасындағы стратегиялық ынтымақтастықтың мысалы болып табылады.
Ұйымдастырылған қызметке сұраныс жоғары. Болашақта көрсетілген маршрут бойынша контейнерлік тасымалды көбейту және көліктік-логистикалық нарыққа жаңа қатысушыларды тарта отырып, тұрақты контейнерлік пойыздар қозғалысын ұйымдастыру жоспарлануда.