KTZ Express қаржылық құқықбұзушылықтардың алдын алу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті нығайту мәселелері бойынша семинар өткізді
.jpg&w=2048&q=75)
📍 Астана
📅 2025 жылғы 2 қазан
KTZ Express компаниясында қаржылық құқықбұзушылықтар, ұрлық және сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алу, сондай-ақ компания мен оның еншілес ұйымдары қызметкерлерінің құқықтық мәдениетін арттыруға арналған семинар-кеңес өтті.
Іс-шара офлайн (орталық аппарат қызметкерлері үшін) және онлайн (филиал қызметкерлері үшін) форматтарында ұйымдастырылды. Барлығы 132 қызметкер қатысты. Қатысушылар алдында Астана қаласы Экономикалық тергеу департаментінің өкілдері – аға жедел уәкіл мен аса маңызды істер жөніндегі тергеуші, сондай-ақ KTZ Express компаниясының қауіпсіздік, комплаенс-бақылау және корпоративтік мәдениет саласындағы мамандары сөз сөйледі.
Семинар барысында қатысушыларға қаржылық құқықбұзушылықтар мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасының негізгі ережелері түсіндіріліп, осындай құқықбұзушылықтардың алдын алу мен ескертуге арналған практикалық тетіктер ұсынылды.
Айрықша назар қаржы пирамидалары, «дропперлік» және құмар ойындарға тәуелділік сияқты жағымсыз құбылыстарға қарсы іс-қимыл мәселелеріне аударылды. Қызметкерлерге «жылдам табыс» уәделеріне сақ болу, қаржы ұйымдарының сенімділігін тексеру және тәуекелдер туралы хабардар болудың маңыздылығы еске салынды.
Іс-шара қорытындысы бойынша қатысушылар өздерін қызықтырған барлық сұрақтарға толық жауаптар алып, корпоративтік этиканы және жеке жауапкершілікті нығайту бойынша ұсынымдар алды.
KTZ Express компаниясы сыбайлас жемқорлыққа «нөлдік төзімділік» қағидатын дәйекті түрде жүзеге асырып, адалдық мәдениетін, этикалық стандарттарды сақтау мен қызметкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыру бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруда.