KTZ Express пен COSCO Shipping логистикалық ынтымақтастықты кеңейту мәселесін талқылады

«Орталық Азия — Қытай» II Индустриялық-инвестициялық ынтымақтастық форумы аясында KTZ Express басшылығы мен әлемдегі ірі теңіз контейнерлік тасымалдау және кешенді логистикалық қызметтер операторларының бірі — COSCO Shipping компаниясының өкілдері арасында жұмыс кездесуі өтті.
Кездесу барысында тараптар мультимодальды тасымалдар саласындағы өзара іс-қимылды кеңейту, сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік бағдары (ТХКБ) аясындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады. Әсіресе Еуропа бағытындағы терминалдық инфрақұрылымды кеңейту сияқты бірлескен жобаларды дамыту мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.
KTZ Express пен COSCO Shipping-ті ұзақ жылдар бойғы серіктестік байланыстырады, бұл ынтымақтастық бірлескен жобалардың жүзеге асуымен нығая түсті. Солардың бірі — ТХКБ бағытының маңызды бөлігі болып табылатын және Орталық Азиядағы ең ірі логистикалық тораптардың бірі — Khorgos Gateway құрғақ порты.