KTZ Express «Ақтау порты базасында контейнерлік хаб салу» жобасын іске асыру жолында үлкен қадам жасады

2024 жылғы 20 қыркүйекте Сиань қаласында (Қытай) 8-ші Халықаралық «Жібек жолы» көрмесі аясында «KTZ Express» АҚ, «Ляньюньган МК порты» ЖШҚ және «Ақтау теңіз сауда порты» ҰК» АҚ арасында «Ақтау портында контейнерлік хаб салу» жобасын іске асыру үшін бірлескен кәсіпорынның құрылтай құжаттарына қол қойылды.
Контейнерлік хаб құру жобасы екі елдің үкіметтерінің қолдауына ие болды және «Бір белдеу, бір жол» жаһандық бастамасы аясында жүзеге асырылуда. Жобаны іске асыру Қазақстанның халықаралық логистикалық жүйедегі ұстанымын күшейтеді және көлік-логистикалық саланы дамыту үшін жаңа болашақты ашады.
Еуразиялық көлік жүйесінің маңызды буындарының біріне айналатын Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТХКБ) бойындағы контейнерлік хабтың орналасуы маршруттың тартымдылығын одан әрі арттыруға және транзиттік тасымалдау көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Естеріңізге сала кетейік, Ляньюньган порты KTZ Express-тің стратегиялық серіктесі болып табылады, оның ынтымақтастығы 10 жылдан астам уақыт бойы жалғасып келеді. Осы уақыт ішінде екі бірлескен жоба іске асырылды: Ляньюньган портындағы қазақстан-қытай терминалы және Орталық Азиядағы ең ірі Құрғақ порт Khorgos Gateway порты.