KTZ Express Иранмен «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізі аясындағы ынтымақтастықты дамыту мәселесін талқылады

8–9 маусым күндері «KTZ Express» АҚ коммерция жөніндегі бас директордың орынбасары Оразов Ұ.А. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Нұртлеу М.А. бастаған мемлекеттік делегация құрамында Иран Ислам Республикасына жұмыс сапарымен барды.
Сапар аясында елдер арасындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған келіссөздер өтті. Атап айтқанда, «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізі (ХКД) бойынша тасымалдардың тиімділігін арттыру және көлемін ұлғайту мәселелері қаралды.
«KTZ Express» «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізінің шығыс бағыты бойынша тасымалдарды дамытуға және көлемін арттыруға ерекше назар аударады. Бұл бағыттағы Иранмен ынтымақтастық стратегиялық маңызға ие және Қазақстанның, сондай-ақ транзиттік жүктердің Үндістан мен Парсы шығанағы елдері нарығына шығуын қамтамасыз етеді.