Қазақстан мен Ресей елдерінің екіжақты саудасының өзекті мәселелері жаңа форматта талқыланды

Қазақстан мен Ресей елдерінің екіжақты саудасының өзекті мәселелері жаңа форматта талқыланды

Ағымдағы жылдың 30 сәуірінде «Короновирустық инфекция пандемиясы жағдайы мен дағдарыстан кейінгі кезеңдегі Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы ЕАЭО шеңберіндегі, сонымен қатар екіжақты негіздегі  сауда-экономикалық қарым-қатынастар: қауіп-қатерлер, сын-тегеуріндер мен мүмкіндіктер» тақырыбында бейне конференция өткізілді. Іс-шара Ресей Федерациясындағы Қазақстан Республикасы Елшілігінің бастамасымен ұйымдастырылып, короновирустық пандемия салдарынан қалыптасқан шектеулер аясында осы іспеттес шаралардың алғашқысы болды.

Аталған іс-шараға Ресей Федерациясындағы Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Ермек Көшербаев, Ресей Федерациясының Индустрия және сауда министрлігінің, Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық дамыту министрлігінің, Еуразиялық экономикалық комиссияның, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінің, Ресей Федерациясының Сауда-өнеркәсіп палатасының, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ, «Ресей темір жолдары» ААҚ, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, «QazTrade» Сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ, «Ресей экспорт орталығы» АҚ, «Мәскеу экспорт орталығы» БДҰ, Ұлттық зерттеу орталығы Экономика жоғарғы мектебінің өкілдері мен басқа да делегаттар қатысты.

Кездесуге қатысушылар коронавирустық пандемияның екі ел арасындағы сауда-саттыққа тигізер әсеріне, сын-тегеуріндері мен қауіптеріне, екіжақты сауда құралдары мен тетіктерін цифрландыруға, көлік логистикасы мен жеткізу тізбектеріне ерекше назар аударды.

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ логистика жөніндегі басқарма төрағасының орынбасары Павел Соколов өз сөзінде қатысушыларды Қазақстан Республикасында төтенше жағдай аясында қазақстандық өндірушілерді қолдау мен жүктерді тасымалдау үшін қолайлы жағдайлар жасалғандығымен хабардар етті. Оңтайлы тарифтік саясат пен ұсынылған кешенді көліктік шешімдердің арқасында транзиттік тасымал көлемін ұлғайтуға мүмкіндік туды. Ресей темір жолдарымен түрлі логистикалық жобалар бойынша, сонымен қатар Қытай және Орта Азия елдерінен Ресейге транзиттік тасымалды дамыту бойынша белсенді ынтымақтастық жүзеге асырылуда.

«2020 жылдың 1-тоқсанында жүк айналымы 54 млрд. тонна-километрді, тасымалдау көлемі - 68 млн. тонна (+ 2%), контейнерлік тасымалдау көлемі 264 мың ЖФЭ құрап, 13%-дық өсімді көрсетті», - деді П.Соколов. .

Конференция қорытындысы бойынша өзара саудадағы пандемияның жағымсыз салдарын жою бойынша шараларды әзірлеу, дағдарыс кезеңіндегі қолданыстағы тәжірибені талдау және жаңа сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлерге қарсы тұру жүйесін құру жоспарлануда.