KTZ Express Антверпен-Брюгге портымен ТХКБ дамыту мәселесін талқылады

2025 жылғы 6 маусымда Антверпен-Брюгге портының штаб-пәтерінде «Қазақстанның көлік-логистика саласы: бельгиялық бизнеспен ынтымақтастық мүмкіндіктері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға KTZ Express атынан Логистика жөніндегі Бас директордың орынбасары Қапар А.И. қатысты.
Кездесуде Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТХКБ) шеңберінде мультимодальды сервистерді кеңейту және көлік инфрақұрылымын бірлесіп дамыту арқылы Қазақстан мен Бельгия арасындағы ынтымақтастықты тереңдету мәселелері талқыланды.
«Біз ТХКБ-ның еуропалық бөлігінде қатысымызды нығайтуды көздейміз. Антверпен-Брюгге порты Қазақстанның осы бағыттағы транзиттік рөлін күшейтуде стратегиялық серіктес ретінде қарастырылады», — деді Қапар А.И.
Антверпен-Брюгге порты және бельгиялық компаниялармен ынтымақтастық ТХКБ-ның еуропалық бағыты бойынша қазақстандық қатысуды кеңейтуге жаңа мүмкіндіктер ашады, сондай-ақ халықаралық көлік тізбегі аясында сенімді әрі тұрақты логистикалық шешімдерді дамытуға ықпал етеді.